Алматыда 52 адамның пойызда улануына қатысты іс қандай сатыда
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Өткен жылдың желтоқсан айында Алматы-2 теміржол вокзалындағы пойызда 52 адам иіс тиіп уланған болатын.
Бұған дейін аталған дерек бойынша көлік полициясы қылмыстық іс қозғағаны белгілі болды.
Kazinform сауалына жауап берген Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Мәлік Қайбар жекеменшік вагонда болған оқиға бойынша тергеу амалдары әлі де жүріп жатқанын мәлімдеді. Сотқа дейінгі тергеуді Алматы-1 станциясындағы желілік полиция басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабы 2-бөлігі («Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу») бойынша жүргізіп жатыр.
— Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары және қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша процестік шешім қабылданатын болады. Өзге мәліметтер ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес жария етуге жатпайды, — деп жауап берді ол.
Еске салайық, Алматы-2 теміржол вокзалында адамдар табиғи газдан уланып, 52 адам медициналық көмекке жүгінген еді. Олардың арасында балалар да бар. Он бала ауруханаға жатқызылып, екеуі жансақтау бөліміне түскен.