Алматыда 6 мың қыз папиллома вирусына қарсы вакцина алды
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматы қаласының мектептерінде 2024 жылдың 30 қыркүйегінен бастап 11 жастағы қыздарға адам папиллома вирусына қарсы жоспарлы вакцинациялау, сондай-ақ 12, 13 жастағы қыздарға вакцинация жүріп жатыр.

Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, мегаполисте АПВ-ға қарсы бірінші дозамен барлығы 6 067 қыз вакцинацияланды, оның ішінде 11 жастағы қыздар — 2 392, ал 12-13 жастағы қыздар — 3 675. Вакцинацияланған қыздар арасында вакцинациядан кейінгі қолайсыз жағдайлар тіркелмеген.
— Вакцинациялауға рұқсаты бар медицина қызметкерлері егілетін адамдарды қарап, тексеруден өткізіп, вакцинациялауды жүргізуге ата-анасынан (заңды өкілдерінен) келісім алғаннан кейін жүргізеді. АПВ-ға қарсы вакцинация Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында сертификатталған, 6 ай аралығымен 2 дозадан тұратын, Қазақстан Республикасында тіркелген АҚШ-тың 4 валентті «Гардасил» вакцинасын қолданады. Бұл вакцина АПВ 6,11,16 және 18 түрлерінен қорғайды, - деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қасымхан Алпысбайұлы.
Сондай-ақ ол вакцина алудың маңыздылығына тоқталды.
Алматы қаласының Бас санитариялық дәрігерінің айтуынша, елімізде жыл сайын 1 900-ге жуық әйелде жатыр мойны обыры анықталады және статистикаға сәйкес, күн сайын 2 әйел жатыр мойны обырынан қайтыс болады.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда тұмау мен ЖРВИ жұқтырғандар саны артқанын жазғанбыз.