Алматыда 676 студентке 50 млн теңге стипендия мен өтемақы төленді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласының прокуратурасы Халықаралық бизнес және коммуникация колледжінің 676 студентінің заңды құқығын қалпына келтіріп, 50 миллион теңге берешекті толық өтетті, деп хабарлайды Алматы қалалық прокуратурасының баспасөз қызметі.
Қалалық прокуратура жүргізген тексеріс барысында Халықаралық бизнес және коммуникация колледжі студенттерінің құқықтары бұзылғаны анықталды. Оқу орнының білім алушылары тиісті мемлекеттік стипендия мен жол жүру шығындарының өтемақысын уақытында алмаған.
Төленбей келген қаражаттың жалпы сомасы 50 миллион теңгені құрады. Қадағалау актісін енгізу нәтижесінде заңбұзушылықтар толық жойылып, қарыз толығымен өтелді. Соның нәтижесінде колледждің 676 студентінің заңды құқықтары қалпына келтірілді.
Осыған дейін Астана прокуратурасы мемлекетке 9,8 млрд теңге өндіру туралы 11 талап қойған болатын.