Алматыда 86 жүк көлігі айып тұрағына қойылды

АЛМАТЫ.KAZINFORM – Алматыда 2026 жылдың он айында жол қозғалысы ережелерін бұзған 25 996 жүк көлігінің жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Алматыда 86 жүк көлігі айып тұрағына қойылды
Фото: Видеодан алынған скрин

Қазір қалада 48 958 жүк көлігі тіркелген. «Таза Қазақстан» бастамасы аясында полиция көліктердің техникалық жағдайын, құжаттарын, тіркеу нөмірлерінің талаптарға сәйкестігін және экологиялық нормалардың сақталуын тексеріп жатыр.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 25 996 жүк көлігі жол ережесін бұзды. Соның ішінде 86 жүк көлігі айып тұрағына қойылып, 222 жүргізушінің мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері алынды.

– Жүк көліктерін бақылау – тек жол тәртібін сақтау мәселесі емес, сонымен қатар мегаполистің экологиялық қауіпсіздігінің маңызды бөлігі. Техникалық ақауы бар көліктер, шығарындылардың белгіленген мөлшерден асуы және пайдалану талаптарының бұзылуы қала экологиясына тікелей әсер етеді. Біздің міндетіміз – заң бұзушылықтарды анықтап, әкімшілік шара қолданумен ғана шектелмей, әрбір жол қозғалысына қатысушының қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыру, – дейді Алматы қаласы полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Дархан Қылышпаев.

Полиция департаментінің баспасөз қызметі профилактикалық жұмыстар жол қауіпсіздігін арттыруға, қоршаған ортаға келетін зияннан қорғауға бағытталғанын айтады.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда 9 мыңнан астам электросамокат айып тұрағына қойылған еді.