Алматыда Абай даңғылының бір бөлігі 25 күнге жабылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Абай даңғылын қала шекарасына дейін ұзарту жұмыстарына байланысты көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілді.

Алматыда Абай даңғылының бір бөлігі 25 күнге жабылды
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігінің мәліметінше, 2-25 қараша аралығында Қилыбай Медеубеков көшесі мен ұзартылып жатқан Абай даңғылының қиылысында көлік қозғалысы шектеледі

Бұл аумақты оңтүстік бағытта Ұ.Қараманов, Грушовая, Строительная көшелері арқылы, ал солтүстік бағытта Строительная, Виноградная, Ұ.Қараманов көшелері арқылы айналып өтуге болады. Аталған учаскеде ескерту белгілері қойылады.

Еске салайық, Абай даңғылын қала шекарасына дейін ұзарту жұмыстарын осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Қазір 600 метрлік соңғы учаскеде жұмыс қолға алынған, ұзартылған жолдың ұзындығы 5,3 шақырым.

Осыған дейін Ерболат Досаев Абай даңғылының құрылысы қараша айында аяқталатынын айтқан еді. 

Бұдан бөлек, ол Алматыда 72 жер учаскесі мемлекет қажеттілігіне мәжбүрлі түрде алынатынын айтқан еді. 

Айта кетейік, қозғалысты шектеуге қатысты барлық ақпарат Almaty.kz сайтында, @AlmatyJoly Telegram арнасында, аудан әкімдіктері мен басқармалардың әлеуметтік желілерінде, сондай-ақ 2GIS және «Яндекс карталар» сервистерінде көрсетілген.

Соңғы жаңалықтар