Алматыда Абайдың 180 жылдығы қалай атап өтіледі
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай 120-дан астам іс-шара өтеді.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, қалада қазақтың ұлы ақыны, ойшыл әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған ауқымды бағдарлама басталды. Олардың қатарында – театр қойылымдары, поэзия кештері, әдеби сағаттар, көрмелер, концерттер, жастармен кездесулер, сондай-ақ спорттық, қайырымдылық және ағартушылық акциялар бар.
Мерейтойдың басты салтанаты 10 тамызда – Абайдың туған күнінде өтеді. Сағат 10:00-де Республика сарайының алдындағы Абай алаңында ұлы ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді. Ал сағат 12:00-де дәл осы алаңда «Алаштың Абайы» атты музыкалық-драмалық концерт ұйымдастырылады. Одан бөлек іс-шаралар қаланың барлық 8 ауданында өтеді.
Сонымен қатар 10 тамыз күні 10:00-де Махатма Ганди атындағы саябақта №4 кітапхана-филиал «Жүрегімнің түбіне терең бойла» атты арт-композиция өткізеді.
28 тамыз күні сағат 19:00-де Республика сарайында «Абайға тағзым» атты мерекелік концерт өтеді. Қойылым Абайдың рухани жолын музыка, театр және биді біріктіре отырып сахналайды.
Қыркүйек айында Мемлекеттік қуыршақ театрында «Мен бір жұмбақ адаммын… Абай» спектаклінің премьерасы өтеді. Қойылым Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы мен «Қара сөздері» негізінде сахналанып, ақынның ішкі жан дүниесін, парасаты мен рухани тереңдігін ашады.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда 10 тамыз күні Абайдың 180 жылдығына орай бірнеше көше жабылатынын жазғанбыз.