Алматыда «5:32» сериалының продюсеріне сот үкімі шықты
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда адам өліміне әкеп соққан автобус апатына кінәлі «5:32» сериалының продюсері - жүргізушіге қатысты сот үкімі шықты

Алматы қаласы Алмалы аудандық сотында ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі (абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған жол қозғалысы ережелерін бұзуы) бойынша 28 жастағы әйелге қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сот Анель Сартаеваваны 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады. Сондай-ақ 5 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
Сонымен бірге, судья жазаның орындалу мерзімін үш жылға, сотталушының баласы 3 жас 9 айға толғанға дейін шегерді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін прокурор соттан А.Сартаеваны кінәлі деп танып, оны 2,5 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.
Сондай-ақ, жол апатынан қаза болған марқұмның отбасы жүргізушіні кешіргені туралы жазған едік.
Еске салайық, 26 маусым күні қоғамдық көлік пен жеңіл машина соқтығысқан еді. Салдарынан 16 адам жарақат алып, бір адам қаза тапты.
Кейін қоғамдық көлік камерасы түсірген бейнежазба желіде тарады.
Автобустың апатқа ұшырауына «5:32» сериалының продюсері себепкер болған.
Кейін күдікті деп танылған жеңіл көлік жүргізушісі Анель Сартаева тергеу уақытында үй қамағында болатыны туралы жазған едік.