Алматыда АҚШ-тың Бас консулдығы қай жерде салынатыны белгілі болды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы әкімдігі Медеу ауданындағы негізгі құрылыс нысандарының нақты орналасуына қатысты түсінік берді.

Флаг США АҚШ туы
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Алматы қалалық жер қатынастары басқармасының мәліметінше, заманауи көпбейінді Конгресс орталығы жеке, арнайы бөлінген учаскеде салынады. Учаскенің шекаралары: Алдар Көсе көшесі (солтүстік) — 8-гвардиялық дивизия көшесі (шығыс) — Шукшин көшесі (оңтүстік) — Жамақаев көшесі (батыс).

— Жалпы алаңы — 11 гектар. Оның ішінде 8,7 гектар мемлекеттік қорда, 2,17 гектар мемлекет мұқтажы үшін 28 меншік иесінен сатып алынады. Қазір 12 меншік иесінен 1,0956 гектар жер сатып алынды. Бұл учаске ыңғайлы тасымалдау мүмкіндігі бар орталық құру үшін оңтайлы алаң ретінде таңдалды, — деп хабарлады басқармадан.

Америка Құрама Штаттарының консулдық мекемесі үшін мүлде бөлек, бос учаске бөлінді. Ол әл-Фараби даңғылы (оңтүстік) — Сейфуллин даңғылы (батыс) — Алдар Көсе көшесі (солтүстік) — Жамақаев көшесінің шығысында тұрғызылатын болады. Жалпы алаңы — 7,05 гектар. Конгресс орталығына дейінгі арақашықтық 300-400 метр.

Бұдан бөлек, жасыл аймақ құрылады. 

— Шекаралары: әл-Фараби даңғылының оңтүстігі — Назарбаев даңғылының батысы. Жалпы алаңы — 9,7 гектар. Оның 6,7 гектары мемлекеттік қорда, 3 гектар жер мемлекет мұқтажы үшін сатып алынады (92 меншік иесі), оның ішінде 6 меншік иесінен 0,25 гектар жер сатып алынды, — делінген хабарламада.

Өтемақы мен кепілдіктер:

— жер телімдерін мәжбүрлеп алып қою бөлек рәсімдер арқылы жүргізіледі;
— барлық тараптың құқығы тең дәрежеде қамтамасыз етіледі;
— өтемақы сомасы жердің нарықтық құнына сай, тәуелсіз бағалаушы компаниялар арқылы анықталады.

Еске салайық, осы жылдың басында Алматыда АҚШ консулдығына жер телімі берілетіні туралы жазғанбыз. 

Бұған дейін АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюм еліміздегі мансабын аяқтап, зейнетке шыққан болатын

Соңғы жаңалықтар