Алматыда алаяқтықтың 30 дерегіне қатысы бар күдікті ұсталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының Алмалы аудандық полиция қызметкерлері интернет-платформаларда жалған хабарландырулар орналастырып, тұрғындарды алдап келген 18 жастағы күдіктіні ұстады.
Тергеу мәліметінше, ол шын мәнінде жоқ пәтерлерді жалға беру туралы хабарландыру жариялап, тұрғындардан алдын ала төлем, тіпті толық жалдау ақысын да алған.
Полицейлер оның заңға қайшы әрекеттерінің шамамен 30 эпизодын анықтады. Қазіргі уақытта күдіктінің өзге де ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
— Күдікті жолға қойылған схема арқылы әрекет еткен. Біз жәбірленушілердің толық шеңберін анықтау бағытында жедел іс-шараларды жалғастырып жатырмыз. Қала тұрғындарын онлайн мәмілелер жасағанда, әсіресе пәтер жалдауға қатысты келісімдерде аса мұқият болуға шақырамыз, — деді Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Мақсат Пшан.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда зейнеткер алаяқтарға 30 мың доллар бергенін жазғанбыз.
Жедел іс-шаралар барысында халықаралық қылмыстық топтың тапсырмаларын орындап жүрген курьер ұсталды. Жас жігіт Қазақстанға телефон және онлайн-алаяқтық құрбандарынан алынған ақшалай қаражатты тасымалдау үшін келгені анықталды.