Алматыда алдағы жылдары 2000-нан астам қоқыс контейнері жаңартылады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда жыл басынан бері 128 алаңда 650 көмілген қоқыс контейнері орнатылды. 2024 жылдың аяғына дейін 14 учаскеде тағы 136 контейнер орнату жоспарланған.

көмілген контейнер, қоқыс
Фото: Алматы әкімдігі

Қала әкімдігінің хабарлауынша, бұл контейнерлердің бірқатар артықшылығы бар: олар толығымен жабық, қаңғыбас жануарлар мен құстардың кіруінен қорғалған, жағымсыз иістерді кетіреді және аула аумақтарының көрінісін жақсартады.

— 2025-2026 жылдары қалада 2000-нан астам көмілген контейнер орнату жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта жаңа контейнерлер Әуезов және Бостандық аудандарында бар. Жетісу ауданында орнатылған кей контейнерге келесі жылдан бастап тиісті техника сатып алынғаннан кейін қызмет көрсетіледі. Түрксіб ауданында бірнеше алаңда тозған қоқыс жәшіктері жаңасына ауыстырылды, — деп хабарлады әкімдіктен.

қоқыс контейнері
Фото: Алматы әкімдігі

Жалпы Алматыда тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау үшін бірқатар бастама іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, қаладағы мекемелерде 1200-ден астам экобокс орнатылған және пластик пен алюминийден жасалған бөтелкелерді қабылдайтын 11 фандомат жұмыс істеп тұр. 

Сондай-ақ, нан қалдығын жинау үшін 500 контейнер орнатылған.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда стихиялық қоқыс орнына жасыл аймақ салынғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар