Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын көтергендер анықталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Өңірлік комиссия Алматы базарларында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын заңсыз көтерген 213 деректі анықтады.

Мегаполисте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қойылатын 15%-дық сауда үстемесінің сақталуын қамтамасыз ететін және делдалдарға тосқауыл қою мақсатында құрылған өңірлік комиссия жұмыс істейді.
Оның құрамына жергілікті, орталық, құқық қорғау органдары (Экономикалық тергеу, Сауда, Мемлекеттік кіріс, Бәсекелестікті қорғау және дамыту, Техникалық реттеу департаменттері, Аумақтық инспекциясы), сондай-ақ Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының өкілдері кіреді.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, комиссия мүшелері тұрақты негізде қаланың «Түрксіб», «Арыстан», «Сары-Арқа», «Тау-Самалы», «Көк базар», «Тастақ», Ақ-Бұлақ», «Барыс-4» және тағы сол секілді негізгі азық-түлік базарларында баға белгілеуді бақылау бойынша іс-шаралар өткізіп отырады.
Атап айтқанда, «Барыс-4» базарын тексеру барысында өңірлік комиссия 54 кәсіпкердің қызметінде заң бұзушылықтарды анықтады, оның 29-ы тауардың бағаларын көрсетпей сатса, 25-і әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қойылатын 15%-дық сауда үстемесін қымбаттатқан. Олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Биыл өңірлік комиссия жұмысының қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қойылатын 15%-дық сауда үстемесін қымбаттатудың барлығы 213 жайты анықталды, 198 әкімшілік хаттама жасалды, сондай-ақ 25 тиімсіз делдал жойылды»,- делінген хабарламада.