Алматыда әлеуметтік осал азаматтарға қоқыс шығару қызметіне жеңілдіктер берілді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару тарифтеріне қатысты шешім қайта қаралып, әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға жеңілдіктер қарастырылды. 

қоқыс
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Алматы прокурасының мәліметінше, тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару қызметтеріне ақы төлеу кезінде осал топтағы азаматтардың құқығы бұзылды.

Прокурорлық қадағалау актісін қарау қорытындысы бойынша Алматы мәслихатының «Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және көму тарифтерін бекіту туралы» шешіміне азаматтардың жекелеген санаттары үшін жеңілдіктер қарастыратын өзгерістер енгізілді.

Екінші дүниежүзілік соғыстың қатысушылары ҚТҚ шығару қызметтеріне ақы төлеуден босатылды.

Ал кей санаттағыларға 50% жеңілдік белгіленді:
* Екінші дүниежүзілік соғыстың қатысушыларына теңестірілген тұлғалар,
* бірінші топтағы мүгедектер,
* бала кезінен мүгедектер,
* мүгедек балалардың ата-аналары мен заңды өкілдері,
* жетім балалар.

Екінші топтағы мүгедектер мен азаматтардың басқа да әлеуметтік осал топтарына 25% жеңілдік қарастырылған.

Жеңілдіктерді рәсімдеу үшін тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару қызметін көрсететін ұйымдарға жүгіну қажет.

Еске салсақ, Павлодар облысында 1 млрд теңгелік ет комбинатының құрылысына прокуратура араласқан еді.