Алматыда алғаш рет 8 балаға артроскопиялық ота жасалды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында балалар артроскопиясы әдісі енгізілді. 

Алматыда алғаш рет 8 балаға артроскопиялық ота жасалды
Фото: Алматы әкімдігі

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бұл әдіс туа біткен және жүре пайда болған тізе буыны патологиясын тиімді емдеуге мүмкіндік береді. Орталықта жоғары санатты дәрігер, травматолог-ортопед Владислав Авраменконың қатысуымен балалар артроскопиясы бойынша шеберлік дәрісі өтті.

Үш күн ішінде мамандар тірек-қимыл аппаратының туа біткен ауытқулары, спорттық және тұрмыстық жарақаты бар 15 балаға кеңес берді. 8 артроскопиялық ота жасалды.

– Алматыда алғаш рет диспластикалық синдромдар, туа біткен ауытқулар және пателлярлық тұрақсыздық кезінде пателланы тұрақтандыру бойынша аз инвазивті ота жасалды. Бұған дейін мұндай ота ашық әдіспен жасалып, оңалту кезеңі бір жылға дейін созылатын. Жаңа тәсіл қалпына келу мерзімін 3-6 айға дейін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді, - деді орталық бөлімшесінің меңгерушісі Мейіржан Құрманалиев.

Барлық ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында тегін жүргізіледі. Бұл мүмкіндік Алматы қаласының тұрғындарына ғана емес, Қазақстанның өзге өңірлерінен келген балаларға да қолжетімді.

2025 жылы орталықта тірек-қимыл аппаратына қатысты 180 артроскопиялық және басқа да ота жасалған. Шебердің дәрісіне Қазақстанның түрлі өңірінен келген 10 дәрігер қатысты.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда алғаш рет нейростимулятор орнату бойынша ота жасалды.

Соңғы жаңалықтар
Референдум