Алматыда алғашқы эко-хаб ашылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда алғашқы эко-хабтың ресми ашылуы өтті. Орталық екі апта бұрын техникалық режимде іске қосылған болатын.

Эко-хабта тұрақты негізде білім жетілдіретін лекциялар, шикізаттан бұйымдар жасау бойынша оқыту дәрістері және шеберлік сыныптары өткізілетін болады. Орталықта қатты қалдықтарды қайта өңдеу мен пайдаға жаратуға арналған эко-стартаптары бар шағын кәсіпкерлер жұмыс істейді. Сонымен қатар қала тұрғындары мен қонақтары эко-хабқа келіп, өткізуге болатын қоқыстарды пайдалы бонустарға айырбастай алады.

- Эко-хабтың бірнеше қызметі бар. Бізге кез келген адам үйден қоқыстарды сұрыптап әкеліп, бөтелке, пластик, өзге де қалдықтарды өткізе алады. Бірақ қаладағы қоқыс қабылдайтын басқа орындардан ерекшелігі - мұнда шампунь, гель құтылары сынды басқа жерлер алмайтын қалдықтарды әкелуге болады. Сондай-ақ келген тұрғын қоқысты жай қалдырып кете салмай, одан сағат, ваза және басқа да бұйымдарды өз қолымен жасай алады. Тұрғындарға біздің мамандар көмектеседі. Оған қоса, біз қайта өңдеумен айналысатын жеке компаниялармен жұмыс істейміз. Зауыттар тікелей осы жерден сұрыпталған қалдықтарды алып кетеді. Адамдар көбіне мұндай зауыттардың бар екенін білмейді. Мысалы, Қонаев қаласында пластик бөтелкелерді қайта өңдейтін кәсіпорын ашылып жатыр. Ал Алматыда алюминийді пайдаға жарататын зауыт іске қосылмақ. Қаскелеңде пленка, пакеттер қайта жасалады. Эко-хабқа келген адамдар осы зауыттардың жұмысымен танысып, біздің теледидардан көре алады, - деді Eco Network жобасының негізін салушы Евгений Мұхамеджанов.

Жоба авторларының айтуынша, эко-хабтың негізгі мақсаты - экологиялық жауапкершілік мәдениетін дамыту, қалдықтарды бөлек жинау мен қайта өңдеуді насихаттау, қоршаған ортаға ұқыпты қарау құндылықтарын сіңіру.

- Пластик бөтелкенің, шампунь құтысының қақпарын жинап, шредерге, яғни ұсатқыш аппаратқа өткіземіз. Одан кейін шикізатты “пресс” деп аталатын аппаратқа әртүрлі дайын формаларға салып, ерітеміз. Сосын ол формада бойынша сағат не басқа заттарды жасаймыз. Бір бұйымды жасауға шамамен 200-300 қақпақ керек. Болашақта пластик бөтелкенің өзінен бірнәрсе жасасақ деп жүрміз, - деді өндірістік жұмыстардың инженері Мұрат Аманжолов.

