Алматыда алғашқы қар жауды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының жоғары бөлігінде қар жауып жатыр. Қала тұрғындары алғашқы қардың бейнежазбаларын әлеуметтік желілерде бөлісіп жатыр.

Алматыда жауған жауынның арты қарға ұласты.
Әлеуметтік желіде Медеуде жауған қардың видеолары пайда болды.
«Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының базалық бекеттерінде орнатылған бейнекамералардан орта және жоғарғы беткейлерді қар басып жатқанын көруге болады. https://shymbulak.com/ru/live
Толассыз жауған жаңбыр салдарынан Алматы жолдарында кептеліс. 2GIS картасындағы ақпарат бойынша, сағат 15:30-да жол кептелісі 8 баллға бағаланды. Әсіресе, Назарбаев, Рысқұлов, Райымбек, Абай даңғылдарының учаскелерінде байқалады.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, Алматыда түнде ауа температурасы – 2 градусқа дейін төмендейді.
Бұған дейін жаңбырға байланысты коммуналдық қызмет күшейтілген режимге көшкені туралы жазған болатынбыз.
Қала билігі автомобиль жүргізушілеріне дөңгелекті ауыстыруға ескерту жасады.
«Жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында автокөлік жүргізушілеріне жазғы дөңгелектерін қысқы дөңгелекке уақтылы ауыстыруды ұсынамыз. Жолда көктайғақ әрі қозғалыс бөлігінде тайғанақ қабыршықтардың пайда болуына байланысты жүргізушілер қозғалыс жылдамдығын төмендетіп, автомобильдер арасындағы қашықтықты арттырып, кенеттен маневр жасаудан, тежегішті кілт басудан аулақ болғаны жөн»,- делінген хабарламада
Алматының коммуналдық қызметтері көктайғаққа қарсы жұмыстарды жедел жүргізуге дайын. Бұл жұмысқа 10 мердігер ұйым, 841 техника және 1405 жұмысшысы жұмылдырылды. Көктайғаққа қарсы 76 тонна материал дайындалды.