Алматыда әуежайға дейін екінші метро желісін салу үшін 93 жер телімі алынады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда мемлекет мұқтажы үшін 93 жер учаскесі алынады.  

метро Алматы
Фото: metroalmaty.kz

Алматы қаласы әкімдігінің 2025 жылғы 10 қарашадағы № 4/675-1365 қаулысына сәйкес, метрополитен екінші желісінің объектілерін салу үшін Алмалы, Медеу және Түрксіб аудандарының аумағында орналасқан 93 жер учаскесі мәжбүрлеп иеліктен шығарылады. Бұл — «Жібек жолы» метро бекетінен Алматы халықаралық әуежайына дейінгі учаскелер. Тиісті қаулы «Алматы ақшамы» газетінде жарияланды.

Мәжбүрлеп иеліктен шығару мерзімі — 2028 жылдың 31 желтоқсанына дейін белгіленді. Алматы қаласының жер қатынастары басқармасы заңнамамен белгіленген тәртіпте жер учаскелерінің меншік иелеріне өтемақы төлеуді қамтамасыз етеді. Жер телімдері сатып алынған соң, Алматы қаласы жол инфрақұрылымын дамыту
басқармасының теңгеріміне беріледі.

Еске салайық, алдағы жылдары Алматыда үш бағытта метроның 23 бекеті салынады. Қолданыстағы желі Алатау көшесі арқылы «Барлық» станциясына дейін ұзартылады — мұнда 3 метро бекеті болады (5,3 км). «Жібек жолы» бекетінен Алматы әуежайына дейін 8 бекет пен 14 шақырым метро желісі салынады. Сондай-ақ үшінші бағытта — «Сайран» бекетінен Алатау қаласына дейін 12 бекет (21,5 км) салу жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар