Алматыда ауыр машина жасау зауытының жылжымайтын мүлкі заңсыз сатылған

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыдағы машина зауытының жылжымайтын мүлкі мемлекетке қайтарылды.

АЗТМ
Фото: aztm.kz

Алматы қаласы прокуратурасының мәліметінше, бұған дейін қадағалау органы зауыт мүлкін заңсыз сату фактілерін анықтаған.

Қала прокуратурасының қадағалау актісін орындау шеңберінде мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті сотқа мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап-арызбен жүгінді.

— Талап-арыздың мазмұны зауытқа 37 га астам жер учаскесін және жалпы ауданы 79 966 шаршы метр болатын 94 тұрғын емес үй-жайды қайтаруға байланысты болды. Сот талапкердің талаптарын қанағаттандырды, апелляциялық саты шешімді күшінде қалдырды, — деп хабарлайды прокуратурадан.

Айта кетейік, «Алматы ауыр машина жасау зауыты» 1941 жылы негізі қаланған ірі кәсіпорын. Алғашында соғысқа қажетті өнім шығарған өндіріс 1946 жылдан бастап бейбіт мақсаттағы миссияға көшкен. Сол жылдардан бастап металлургияға қажетті құрал-жабдық өндірісі жолға қойылып келеді.

2022 жылы «Номад» тұрғын үй кешенінде тұратын алматылықтар әкімнен ауыр машина жасау зауытының жұмысы тұрғындардың денсаулығына зиянын тигізіп жатқандықтан оны қала сыртына көшіруді сұраған болатын.

Соңғы жаңалықтар