Алматыда ауыр жүк көліктеріне бақылау күшейеді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жүктемесіне байланысты бақылау қатаңдатылмақ. Қалалық мәслихатта өткен комиссия отырысында жолдардың мерзімінен бұрын тозуына әсер ететін негізгі себептердің бірі рұқсат етілген нормадан артық жүк тасу екені айтылды.

Алматы мәслихаты
Фото: Алматы мәслихаты

Мәслихат депутаты Садир Хамраевтың айтуынша, қаладағы кейбір жүргізушілер заңды елемей, 8 тоннаға арналған жолмен 18 тоннаға дейін жүк тасымалдайды. Мұның кесірінен жол жабынының жылдам бұзылады.

— Бүгін біз жұмыс тобын құрып, жол полициясы, көлік бақылау және жол қозғалысын ұйымдастыру басқармасымен бірлескен жұмысты күшейту туралы шешім қабылдадық. БАҚ өкілдерінің қатысуымен рейдтер ұйымдастырылып, заң талаптарын бұзатын жүргізушілер мен компаниялар анықталады, – деді депутат.

Қазір Алматыда жүк көліктерінің салмағын өлшейтін тек бір жылжымалы станция бар. Мәслихат мүшелері мұндай бекеттердің санын арттырып, жолдарға арнайы салмақ өлшейтін датчиктер орнату қажеттігін көтерді.

Алматы мәслихаты
Фото: Алматы мәслихаты

Алматы полициясы болса, ауыр жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қазір тек әл-Фараби, Достық және Назарбаев даңғылдарында бар екенін мәлімдеп, мұндай аймақтарды кеңейту ұсынысын қолдады.

Отырыс қорытындысы бойынша жол қозғалысын ұйымдастыру басқармасы, көлік бақылау және полиция арасында өзара іс-қимылды үйлестіретін жұмыс тобы құрылатын болды. Сонымен қатар депутаттар жолдардың жүктемесін өлшеуге арналған қосымша құралдармен жабдықтау және Алматы қаласында жүк көліктерінің қозғалысын оңтайландыру тұжырымдамасын әзірлеу бастамасын көтерді.

Еске салайық, бұған дейін Шымкентте 15 қазаннан бастап артық жүк артқан жүк көліктері автоматты түрде анықталатынын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар