Алматыда аулалардағы гараждар мәжбүрлі түрде бұзылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласының Бостандық ауданында көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында орналасқан гараждарды бұзу жұмыстары жалғасады.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында аудан әкімі Санжар Әлин мәлім етті. оның айтуынша, мұндай гараждар қазіргі заманың абаттандыру стандарттарына сай келмейді.
– Қалада дизайн-код қабылданды. Гараждар қаланың келбетіне сай емес. Жалдау мерзімі өтіп кеткен гараждар қаланың меншігіне өтеді. Ал егер иелері өз еркімен бұзудан бас тартса, біз оларды сот арқылы бұзуға міндеттейміз, - деді Санжар Әлин.
Сондай-ақ ол жол бойында заңсыз орнатылған ойын автоматтарына тоқталды.
– Мұның бәрі заңсыз. Алайда бізде тікелей құзірет жоқ. Сондықтан құқық қорғау органдарының жұмыс тобымен бірлесіп түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Себебі бұл автоматтар қалалық аумаққа орнатылады, бұл өз кезегінде әкімшілік айыппұлға және заңбұзушылыққа алып келеді, - деді ол.
Спикердің сөзінше, әрбір анықталған жағдай бойынша аудан әкімдігі прокуратура және өзге де уәкілетті органдармен бірлесіп жұмыс істейді.
– Егер осындай фактілерді көрсеңіздер, хабарлауларыңызды сұраймыз. Себебі біз бір жерден алып тастасақ, олар сол күні басқа көшеге орнатылады. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады, ары қарай да күресетін боламыз, - деп толықтырды аудан әкімі.
Айта кетейік, Бостандық ауданында көпқабатты үйлердің аулаларындағы ескі жекеменшік гараждарды бұзу жұмыстары бірнеше жылдан бері жүргізіліп келеді.