Алматыда AUYL SPORT-2024 республикалық турнирі мәресіне жетті
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Жаңа жыл қарсаңында Алматы спорттық жарыстың нағыз орталығына айналды. AUYL SPORT-2024 республикалық турнирінің финалы еліміздің 17 облысынан 1300-ден астам жас спортшыны бір алаңға жинады.

«Halyk» қоры ұйымдастырған жоба осыдан үш ай бұрын 200 ауылдан 12 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдер қатысқан облыстық турнирлерден бастау алған болатын. Олардың көпшілігі үшін бұл жарыс спорт биігіне аттаған алғашқы қадам болды.
«AUYL SPORT - бәсекелестіктен гөрі, шабыт алаңы. Бұл - ауыл балаларының жаңа көкжиектерін ашып, өзіне сеніп, үлкен жетістіктерге алғашқы қадам жасауына мүмкіндік. Біз олардың талантына сенеміз және олардың арманына жету жолында қолдау көрсетуге дайынбыз», – дейді қордың Алматыдағы филиалының директоры Ғалымбек Жақсылықов.

Турнирдің финалында бокс, күрес, каратэ, баскетбол, волейбол және шахмат сияқты алты сала бойынша жарыстар өтті.
«Көбінесе ауыл балаларына қаржылық жағдайға байланысты ірі турнирлерге қатысу қиынға соғады. Бұл турнир оларға өздерін көрсетуге және жоғары деңгейдегі бәсекенің дәмін татуға мүмкіндік берді. Бұл маңызды, өйткені біздің Олимпиада чемпиондарының көбі ауылдан шыққан», - деді еркін күрестен бас төреші болған Берік Шалабаев.

Турнир жеңімпазы Түркістан облысынан келген жас палуан Самир Рахманалиев өз әсері туралы былай деді:
«Мен өз атымды, ауылымның атын асқақтата алғаныма шексіз қуаныштымын! Бұл - менің ең үлкен спорттық іс-шарам, ұйымдастырушыларға осы мүмкіндік үшін алғыс айтамын! Эмоцияларды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес!»
Айта кетсек, жобаға демеуші есебінен 500 миллион теңге бөлінген.