Алматыда AUYL SPORT республикалық турнирінің финалы өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Алматыда ауыл жастарына арналған AUYL SPORT жобасының ақтық кезеңі жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Финалистер 10 мың баладан іріктелді
Жоба Тимур Құлыбаевтың Halyk қорының қолдауымен іске асып жатыр. Мақсат – ауыл жастары арасында бұқаралық спортты насихаттау және дамыту. Додада еліміздің 17 өңірінен келген 1 700 мектеп оқушысы бақ сынады.
Турнирдің финалына дейінгі іріктеу кезеңдеріне шамамен 10 мың бала қатысып, 7 спорт түрі бойынша шеберліктерін көрсеткен. Атап айтқанда, бокс, күрес, каратэ, волейбол, баскетбол, шахмат және үстел теннисі бойынша бәсекеге түсті.

Ауыл мен қала баласына тең жағдай жасалды
AUYL SPORT турнирінің ең басты артықшылығы - ауылдағы оқушылар барлық іріктеуден өзі тұратын елді мекенде өте алады. Олардан қалаға келу талап етілмейді.
Жаттығу, төрешілік және финал бірдей ережелермен өтеді. Демек, қала мен ауыл арасындағы алшақтық қысқартылып, барша балағатең жағдай ұсынылады.
Нәтиже: өңірлердің әлеуеті дәлелденді
Өткен маусым қорытындысы бойынша, AUYL SPORT турнирінің 12 қатысушысыҚазақстанның жасөспірімдер құрамасына қабылданып, Сербияда өткен ISF Gymnasiade халықаралық мектеп ойындарында 4 медаль жеңіп алды. Бұл мықты спортшылар үлкен қалалардан ғана шықпайтынын айқын көрсетті. Егер бірдей мүмкіндік берілсе, әр шағын қала, аудан мен ауылдан дарындар табылатынына дәлел болды.

Ауыл чемпионы – ел чемпионы
Бірқатар өңірде AUYL SPORT финалистерін жерлестерінің ұлттық турнир қаһармандарындай қарсы алғаны қуантады. Спортшылардың құрметіне мектептерде тулар желбіреп, құттықтаулар айтылып, көпшілік ыстық ықыласпен қолдау білдірді.
Турнирге қатысып, осындай қошеметке бөленген әр бала үшін, бұл – спорт жолында төккен терінің, бастапқы талпынысының облыс, тіпті ел деңгейінде мойындалған алғашқы сәті.

Келесі қадам: тұрақты іріктеу жүйесі
Ұйымдастырушылар турнирді жыл сайын өткізіп, географиясын кеңейтуді жоспар отыр. Сондай-ақ ауыл спортшыларының біртұтас мәліметтер базасынқұру да ойластырылған. Бұл федерациялар мен бапкерлерге жарысқа қатысушылардың нәтижесін бақылауға, ұлттық құрамаларға кадр резервін жасақтауға мүмкіндік береді.
Бұл жоба несімен маңызды?
Қазақстанда спорт нысандары көптеп салынып жатыр, инфрақұрылым керек, бірақ бірқатар себепке байланысты оларға бәрінің қолы жете бермейтіні түсінікті.
Осы орайда, AUYL SPORT бірегей мүмкіндік ұсынады. Ол – ауыл мектебіндегі спорт залдан ұлттық аренаға дейінгі жолда қолдау білдіріп, жетістіктерге жетуіне ықпал ету. Бұл – ауыл баласын арман шыңына қарай талпындыратын тура жол. Рухы мықты, намысы биік жастың болашағы, яғни ел спортының ертеңі үшін қабылданған маңызды шешім.