Алматыда автобус апатынан зардап шеккен жолаушылардың алтауы ауруханаға жатқызылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Мақатаев пен Масаншы көшелерінің қиылысында жеңіл машинаға, артынша жол бойындағы дүкенге соғылған №18 бағытындағы автобус жолаушысының алтауы ауруханаға жатқызылды.

Денсаулық сақтау басқармасы таратқан соңғы мәліметке сәйкес, жол апаты салдарынан зардап шегіп, қала ауруханаларына жеткізілген науқастар толық кешенді медициналық тексеруден өтті. Нәтижиесінде 6 ересек адам ем-домын ауруханада алатын болды.
«Олардың аяқ-қолы сынған, жағдайы орташа ауырлықта деп бағаланады. Барлығы қажетті емді толық көлемде алып жатыр. Қалған зардап шеккендер қаралып, тексерілгеннен кейін тұрғылықты жері бойынша амбулаторлық емдеуге жіберілді. Оның ішінде үш жасөсіпірім де бар», - деп нақтылады ведомстводан.
Айта кетейік, медициналық көмекке барлығы 25 адам жүгінген.
Еске салайық, Алматыда 18-ші бағыттағы автобус апатқа ұшырап, бір адам қаза тапты.
Кейін қоғамдық көлік камерасы түсірген бейнежазба желіде тарады.
Куәгерлердің айтуынша, қаза тапқан адам дүкенен шығып келе жатқан.
Полиция департаменті жол апатына себепкер болған жеңіл көлік жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеді. Сондай-ақ рөлде әйел адам болғанын атап өтті.