Алматыда автобус аялдамаға соғылып, адамды қағып кетті

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының Жетісу ауданында жолаушылар мінген автобус жол апатына ұшырады.

автобус апаты
Фото: Видеодан алынған скрин

Оқиға бүгін, 24 қазанда сағат шамамен 12:35-те барахолка маңында болған.

Әлеуметтік желілерде автобустың аялдамаға соғылған сәті түсірілген видео тарады.

Алматы полиция департаментінің мәліметінше, Yutong маркалы автобустың жүргізушісі Солтүстік айналым көшесімен солтүстік бағытта келе жатып, рөлге ие бола алмай қалған. Салдарынан көлік бордюрге, одан кейін аялдамаға соғылып, сол сәтте сонда тұрған жаяу жүргіншіні қағып кеткен.

– Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адам – аялдамада тұрған жаяу жүргінші мен автобустың бір жолаушысы медициналық көмекке жүгінді. Оқиғаның мән-жайын Жетісу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері анықтап жатыр, - делінген полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда автобус егде жастағы әйелді қағып кеткенін хабарлағанбыз.

Жол апатынан әйел түрлі дене жарақатын алып, қаладағы ауруханалардың біріне жеткізілді.

Соңғы жаңалықтар