Алматыда автобус ішінде егде жастағы азаматты ұрған адам ұсталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда қоғамдық көлік ішінде жанжал шықты. Әлеуметтік желіде кикілжіңнің бейнежазбасы тарады. Онда ер адамның егде жастағы азаматқа қол жұмсағанын, кейін екеуінің жанжалы далада жалғасқанын көруге болады.

Алматы қаласының полиция департаменті бұл дерек бойынша тексеру жүріп жатқанын хабарлады.
- Құқық бұзушы ұсталды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тексеру нәтижесі бойынша заңнамаға сәйкес құқықтық баға беріледі, - деп хабарлады департаменттен.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда полиция қызметкерін әдейі соққан мопед жүргізушісі жазаланғанын жазғанбыз.
Патрульдік полиция қызметкерлерінің бірін мопед жүргізушісі әдейі қағып, оқиға орнынан кетіп қалған. Жедел іс-шаралар нәтижесінде құқық бұзушы анықталып, ұсталды.