Алматыда әйелдер сүт безін қалай тегін тексерте алады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – 1-31 қазан аралығында бүкіл әлемде сүт безі обыры туралы хабардарлықты арттыру айлығы – «Қызғылт қазан» өтеді.
Алматы онкологиялық орталығының консультациялық-диагностикалық бөлімінің меңгерушісі Ақбота Әділованың айтуынша, сүт безі обыры қазір Қазақстандағы әйелдер арасында ең көп тараған онкологиялық ауру болып отыр. Дегенмен, скринингтің арқасында кейінгі жылдары өлім-жітім азайған.
- Соңғы 10 жылда сүт безі обырынан болатын өлім-жітім скрининг пен ерте емдеудің арқасында екі есеге жуық төмендеді. Бұл өте маңызды, өйткені аталған ауру әйелдер арасындағы онкологиялық диагноздың ішінде ең көп тарағаны болып отыр. Ауру неғұрлым ерте анықталса, оны тиімді емдеу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады, – деді Ақбота Әділова.
«Қызғылт қазан» айлығы әйелдерге профилактикалық тексеруің маңызын еске салып, ем алып жатқандарды қолдауға бағытталған. Қазақстанда акция аясында онкологиялық орталықтар ашық есік күнін өткізеді. Әйелдер онкомаммологтардан тегін кеңес алып, УДЗ бен маммографиядан өте алады.
- 1-31 қазан аралығында өтетін «Қызғылт қазан» дәрігерлерді, науқастар мен әйел денсаулығына бейжай қарамайтын барлық азаматты біріктіреді. Ашық есік күні маманға жүгініп, тексеруден ақысыз өте аласыз. Алматыда мұндай іс-шараның өтетін күні мен уақыты туралы ақпаратты Алматы онкологиялық орталығының @almaty_onco парақшасынан алуға болады, – деді маман.
Оның сөзінше, бүгінде Алматыда сүт безі обыры диагнозымен диспансерлік есепте 9 520 пациент тұр. Биыл 8 айда алғаш рет 659 науқас анықталған. Ал жыл қорытындысы бойынша олардың саны 990 болуы мүмкін.
Ақбота Әділова Тегін маммографиялық скрининг 40-тан 76 жасқа дейінгі әйелдерге тіркелген емханасында екі жылда бір рет қолжетімді екенін еске салды.
Бұған дейін Алматыда дәрігерлер көзіне тас кірген науқастың көру қабілетін сақтап қалды.