Алматыда әйелдің бөлшектелген денесі табылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда қалдықтарды қайта өңдеу орнында әйелдің бөлшектелген денесі табылды.

Бұл туралы ақпарат Telegram-арналардың бірінде пайда болды. Онда 2 қаңтар күні «Green Recycle» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қалдықтарды өңдеу зауытының аумағынан 68 жастағы әйелдің бөлшектелген денесі табылғаны жазылған. Мәйіттің басы мен аяғы болмаған, дене бөлшектері полиэтилен пакетке салынған.
Алматы тұрғынының әпкесін өлтіріп, денесін бөлшектеп тастағаны белгілі болды.
Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі күдікті ұсталғанын мәлімдеді.
«Ұзақ уақытқа созылған араздықтан әпкесіне аяусыз әрекет жасаған 67 жастағы әйел ұсталып, уақытша қамауға алынды. Адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Басқа мән-жайлар анықталып жатыр», - деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Былтыр шілде айында Алматыда қоқыстан жаңа туған нәрестенің денесі табылған еді.