Алматыда Аюсай сарқырамасы маңында адасып кеткен балалар құтқарылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласының Бостандық ауданындағы Аюсай сарқырамасы маңында туристік соқпақтан адасып кеткен 2014 жылы туған балаларға құтқарушылар көмек көрсетті.
Алматы қаласының Мониторинг және жедел әрекет ету орталығының құтқарушылары өздігінен таудан төмен түсе алмаған балаларды іздеп тауып, «Аюсай» визит-орталығына дейін ертіп барды.
Балалар сол жерде ата-аналарына тапсырылды. Оларға медициналық көмек қажет болған жоқ.
– Тауға шығар алдында бағытты алдын ала жоспарлап, ауа райы жағдайын және күннің бату уақытын ескеріңіз. Туристік соқпақтардан шықпаңыз және өз күшіңізді дұрыс бағалаңыз, – деп ескертті Төтенше жағдайлар министрлігі.
Айта кетейік, бұған дейін Алматының Бутаков сарқырамасы маңында 2400 метрден астам биіктікте адасып кеткен төрт адамды құтқарушылар қауіпсіз жерге алып түскен болатын.