Алматыда BALAFEST фестивалі өтті

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «BALA FEST. JARYQ SKILL FEST» фестивалі өтті. Мерекелік шараға 5 мыңнан астам бала қатысты. 

Алматыда BALAFEST фестивалі өтті
Фото: Александр Павский / Kazinform

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде Алматы - балалық шақтың, қуат пен шабыттың ортасына айналды. Мерекеге орай ұйымдастырылған BALA FEST. JARYQ SKILL FEST фестивалі арқылы бүлдіршіндер жарқын, батыл, мейірімді әрі креативті қаланы көре алды.

Алматы
Фото: Александр Павский / Kazinform

Іс-шара Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова атындағы саябақта ұйымдастырылды.
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды фестивальге келіп, бүлдіршіндермен жүздесті. 

– Біз саналы да талантты әрі әр ісіне жауапты жаңа ұрпақты қалыптастыратын бастамаларды  қолдаймыз. Алматы – әр бала өзіне сенетін және арманына нық қадаммен жететін қала. Біз жай ғана қолайлы орта емес, әрбір бала өз әлеуетін ашып, арманының маңызды екенін және мүмкіндіктердің бар екенін түсінетін болашақты қалыптастырып жатырмыз деп санаймын, - деді фестивальге қатысқан Дархан Сатыбалды.

бала
Фото: Александр Павский / Kazinform
Алматы
Фото: Александр Павский / Kazinform
Алматы
Фото: Александр Павский / Kazinform

Алматы әкімдігінен мәлім еткендей, фестиваль JARYQ деп аталатын бес тақырыптық бекет форматында ұйымдастырылды. Ондағы әрбір бекет бала дамуының маңызды қырларын бейнелейді. Айталық, Jastar – технология мен инновацияны, Arman – арман мен қиял әлемін, Rukh – руханият пен тарихты, Yntalyq – өнер мен шығармашылықты, Qabilet – мамандықтармен танысу және кәсіби бағыт-бағдарды бейнелеген. 

Фестивальдің басты мақсаты – балаларға қызықты әрі пайдалы edutainment (ойын арқылы оқыту) әдісін енгізу. Бұл әдіс балаларға жаңа білімді ала отырып оны қуаныш пен өмірлік тәжірибеге айналдыра алатын тиімді тәсіл саналады. Әсіресе Qabilet бекеті ерекше әсер қалдырды. 

Бала
Фото: Александр Павский / Kazinform
Алматы
Фото: Александр Павский / Kazinform

Бұл – Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылған алаң. Мұнда балалар түрлі кәсіппен танысып қана қоймай, өздері де тәжірибе жасап, қол еңбегімен айналысып көрді. Осындай бастамалар арқылы еңбекке деген құрмет пен кез келген кәсіптің қадірін бала жасынан бойға сіңіруге жол ашылады.

Қаладағы шығармашылық орталықтарынан, Оқушылар сарайы мен музыка мектептерінен келген балалар дайындаған шеберлік сағаттары мен перфоманстары фестивальге жаңа бояу қосты. Балалардың өз қолымен жасаған өнері мен креативі мыңдаған көрерменді шабыттандырды.

– Алматы қаласында қосымша білім беруге ерекше басымдық беріледі. 2023–2029 жылдарға арналған Жол картасына сәйкес, бұл салаға бөлінетін қаржы жыл сайын артты отыр. Қазір қаладағы 216 мектепте 309 мыңнан астам бала білім алып жытыр. Олардың 224 мыңнан астамы қосымша біліммен қамтылған. Бұл бағытта 19 мемлекеттік ұйым, 122 жекеменшік орталық (мемлекеттік тапсырыс бойынша) және мектеп жанындағы үйірмелер жұмыс істейді, - деп хабарлады әкімдіктен.

Бала
Фото: Александр Павский / Kazinform
бала
Фото: Александр Павский / Kazinform

2025 жылы мемлекеттік ұйымдарда 8,6 миллиард теңге (2024 жылы – 6,1 млрд), ал жекеменшік орталықтарда 3,1 миллиард теңге (2024 ж. – 2,3 млрд) бөлу көзделген. Бұл қаражат ғылымнан бастап экология, өнер, спорт және тілге дейінгі жеті бағытты қамтитын 11 мыңнан астам баланы қамтуға мүмкіндік береді.

Еске салайық, «Almaty BALAFEST» фестивалі алғаш рет Мемлекет басшысының қатысуымен 2022 жылы Балалар жылы аясында өткен болатын. 

Соңғы жаңалықтар