Алматыда балалар арасында желшешектің асқынған түрі жиілеп кетті
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда 2025 жылдың тоғыз айында балалар арасында желшешекпен ауырғандар саны 38,8% өскен.
Бұл туралы Қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының директоры Ержан Сералин айтты.
Оның мәліметінше, биыл қалада 183 бала әртүрлі ауырлық дәрежесімен ауруханаға жатқызылған. Күрделі формалар саны былтырмен салыстырғанда 40,9% артқан, оның ішінде орталық жүйке жүйесі мен тыныс алу жолдарының зақымдануы көбейген.
— Желшешек көбіне мектепке дейінгі және бастауыш сынып жасындағы балаларда (жалпы сырқаттанғандардың 61,7%-ы) тіркеледі. Себебі бұл инфекцияға қарсы вакцина Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілмеген, сондықтан ұжымдық иммунитет тек ауруды өткергендердің есебінен қалыптасады, — деді Ержан Сералин.
Аурухана басшысының айтуынша, 1-14 қазан аралығында аурухананың жансақтау және қарқынды терапия бөлімшесіне 14 бала түскен. Олардың арасында екіжақты пневмония, жедел ішек инфекциясы, тырысу синдромы және тыныс алу жеткіліксіздігімен ауырғандар бар.
— Кейбір балалар ауруханаға тым кеш әкелінеді, ата-аналар аурудың 8-10-күні ғана жүгінеді. Бұл жағдайдан емдеу қиындап, асқынып кетеді, — деді Сералин.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда ЖРВИ жұқтырғандардың саны 20 мыңға жақындағанын жазғанбыз.