Алматыда балалар байқауын ұйымдастырушы алаяқтық жасады деген күдікке ілінді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласының Полиция департаменті кәмелетке толмаған балалардың ата-аналарынан халықаралық байқауға қатысу сылтауымен ақша жинау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады.

л
Фото: polisia.kz

Полиция мәліметіне сәйкес, 2024 жылдың желтоқсан айында жарияланған іс-шараның ұйымдастырушысы шетелде өтеді деген байқауға қатысуды ұсынып, ата-аналардан қаржы жинаған. Алайда байқау өткізілмеген, балалар шетелге шықпаған және қаржы қайтарылмаған.

- Қазіргі таңда елдің бірнеше өңірінен азаматтардан арыздар тіркелді. Материалдық шығын көлемі анықталу үстінде. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады департаменттен.

Сонымен қатар тәртіп сақшылары балалардың сапарына қатысты келісім жасағанда қырағылық танытуға және қандай да бір ұсыныстың заңдылығына күмән туындаған жағдайда полицияға жүгінуге шақырды.

Еске салайық, бұған дейін алаяқтықпен 6 адамның 63 млн теңгесін жымқырған күдікті Ресейде ұсталғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар