Алматыда балалардың тамырлық ақауларын емдеудің жаңа әдісі енгізіліп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда күрделі тамырлық мальформациялары бар балаларды емдеудің жаңа жоғары технологиялық әдісі енгізіліп жатыр.
Бұған дейін медициналық көмектің жекелеген түрлерін алу үшін кішкентай пациенттер шетелдік клиникаларға жіберілетін. Енді мұндай ем еліміздің өзінде қолжетімді болады.
Тамырлық мальформациялар – қан тамырларының туа біткен даму аномалиялары. Күрделі жағдайларда оларды емдеу үшін жоғары технологиялық медициналық әдістерді қолдану қажет.
Елімізде жыл сайын осы бағыт бойынша 1,2 мыңнан астам бала стационарлық ем алады. Соңғы бес жылдың ішінде 90 бала ем алу үшін шетелге жіберілген.
Жаңа технология Алматы қаласындағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының базасында енгізілуде. Бастапқы кезеңде мұнда жыл сайын шамамен 50 балаға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету жоспарланып отыр.
24–25 қараша күндері Орталықтың базасында неміс профессоры Вольгемуттың қатысуымен мастер-кластар өтуде. Қазақстандық мамандар шетелдік сарапшымен бірлесіп жаңа әдісті меңгеріп, оны отандық практикада өз бетінше қолдану үшін практикалық дағдыларды игеруде. Екі күндік мастер-класс аясында күрделі тамырлық мальформациялары бар сегіз балаға операция жасалды.
Қазақстан бұл технологияны енгізетін әлемдегі екінші ел болатынын айта кеткен жөн. Бұл отандық жоғары технологиялық медициналық көмекті дамытуға ғана емес, еліміздің медициналық туризм саласындағы әлеуетін нығайтуға да жаңа мүмкіндіктер ашады. Алдағы уақытта Қазақстан күрделі тамырлық мальформацияларды емдеуге мұқтаж өз балаларына ғана емес, басқа елдерден келген кішкентай пациенттерге де мамандандырылған медициналық көмек көрсете алады.
Айта кетелік алматылық дәрігерлер 900 грамм болып туған нәрестені аман алып қалды.