Алматыда белсенділер 50 дүкеннің сөресінен мерзімі өтіп кеткен өнімдерді алып тастады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – «Жаңа адамдар» қозғалысының белсенділері Алматыдағы бірнеше дүкенде мерзімі өткен өнімдердің ашық сатылымда тұрғанын анықтап, азаматтарды тұтынушылық мәдениетті арттыруға және өз құқықтарына бейжай қарамауға шақырды.

«Мерзімі өтіп кеткен» деп аталатын азаматтық науқан аясында соңғы бір жыл ішінде белсенділер қаладағы 50-ден астам дүкенге тексеру жүргізіп, барлығынан жарамдылық мерзімі өтіп кеткен тауарлар анықтаған. Сүт өнімдері, шіріген ет, құрғақ тіскебасарлар – мұның бәрі сөрелерде еш кедергісіз сатылып келген.
Тексеру кезінде дүкен иелері мен қызметкерлері жиі қайталанатын сылтаулар айтқан: «Көрмей қалыппыз», «Кездейсоқтық қой», «Бүгін алып тастаймыз». Алайда мұндай жауаптардан кейін де жағдай өзгермеген.
– Дүкендегі мерзімі өткен өнім – бұл мәселенің түпкі себебі емес, тек салдары ғана. Шынайы мәселе – дүкен иелері мен сатып алушылардың бұл жағдайға немқұрайлы қарауы, – дейді қозғалыс өкілі Төрехан Бекежан. – Өзіңе құрмет дегеніміз – «мен өзімді улауға жол бермеймін» деп айту. Ал егер тұтынушы өзіне құрметпен қараса, дүкен де таңдау жасауға мәжбүр болады.
Мәселен, Назарбаев даңғылы, 36к4 мекенжайындағы «Бақ маркет» супермаркетінде белсенділер шіріген өнімдердің жүйелі түрде сатылып келгенін анықтаған. Олар үш контейнерге жуық жарамсыз өнімді өздері сұрыптап, дүкеннің көз алдында кәдеге жаратқан. Қызметкерлер тарапынан қарсылық пен агрессия болғанымен, белсенділер тұтынушының денсаулығы – басты құндылық екенін атап өтті.
Қозғалыс өкілдері бұл бастаманың басты мақсаты – қоғамда өзіне және бір-біріне деген құрмет мәдениетін қалыптастыру екенін айтады. Жарамсыз өніммен күрес тек санитарлық емес, азаматтық және адами жауапкершілік мәселесі ретінде қаралуы тиіс.
Айта кетейік, Қазақстандағы онлайн сауданың 90 пайызы Алматыда жасалады.