Алматыда биыл 62 бала көкжөтел жұқтырған
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласында 2024 жылдың 8 айында 14 жасқа дейінгі екпе алмаған балалар арасында көкжөтелдің 62 расталған жағдайы тіркелді. Бұл туралы Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қасымхан Алпысбайұлы айтты.

— Көкжөтел жұқтырған 62 баланың 35-і (56,4%) көкжөтелге қарсы екпеден бас тартқан. Ал 14-і (22,5%) медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты алмаған, 10-ы (16,1%) вакцинация жасына жетпеген, 3-уі (4,8%) екпенің толық вакцинация курсымен қамтылмағанына байланысты ауру жұқтырған. Олармен байланыста болған 373 адам тексерілді, нәтижесі — теріс, — деді департамент басшысы.
Қасымхан Алпысбайұлының айтуынша, көкжөтел әсіресе өмірдің алғашқы айларындағы балаларға қиын.
Сондай-ақ көкжөтел өкпенің қабынуы (пневмония), мидың зақымдануы сияқты асқынулармен қауіпті.
СЭБД басшысы көкжөтелден қорғаудың жалғыз сенімді және тиімді әдісі — вакцинация екенін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда 17 мыңға жуық қызға адам папиллома вирусына қарсы екпе салынатынын жазғанбыз.