Алматыда биыл ашылған ерте оңалту орталығы 57 балаға көмектесті

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қалалық перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында 3 айдан 3 жасқа дейінгі ерекше қажеттілігі бар балалар заманауи әдістеме бойынша ерте оңалтудан өте бастады. 

Алматыда биыл ашылған ерте оңалту орталығы 57 балаға көмектесті
Фото: Алматы қаласы ӨКҚ

«Қамқорлық» ерте оңалту орталығы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының базасында биыл тамыз айында ашылды. Қазірге дейін мұнда 57 бала көмек алды. Оңалту процедуралары толық МӘМС есебінен жүргізіледі, жеңілдік санатындағы балалар медициналық көмектің барлық түрін тегін алады.

Ерте араласу орталығының меңгерушісі Шамшигүл Құдажанованың айтуынша, орталықтағы ем Даун синдромы, сөйлеу мен психомоторлық дамудың кешеуілдеуі, орталық жүйке жүйесінің зақымы мен тірек-қимыл жүйесінің туа біткен ақауы бар балаларға бағытталған.

— «Қамқорлық» орталығына жолдаманы ата-аналар тіркелген емханадан алады. Ерте араласу арқылы сәбидің дамуын түбегейлі өзгертуге болады. Мұнда біз баланың дамуына, қабілетін ашып, айналасымен қарым-қатынас жасап үйренуіне мүмкіндік беретін кеңістік құрамыз, — деді Шамшигүл Құдажанова.

Орталықта шунгит пен тұзды бөлме, сенсорлық бөлме, сондай-ақ иммерсиялық ванна бар. Әр балаға жеке бағдарламаны невролог, реабилитолог, клиникалық психолог, неонатолог, физиотерапевт, логопед және дефектологтардан құралған команда әзірлеп береді.

Медициналық сақтандыру қорының мәліметінше, 2019 жылы Алматының төрт орталығыныда балаларға реабилитациялық көмек көрсетіліп, жылына 481,8 млн теңге қаржы бөлінген. Ал 2025 жылдың 9 айында өңірде 400 мыңнан астам реабилитациялық іс-шара жүргізіліп, қаржыландыру көлемі 4 млрд теңгеден асып түскен.

Еске салайық, биыл Түркістанда 90 орындық «Шұғыла» оңалту орталығы ашылды.

Соңғы жаңалықтар