Алматыда биыл әйелдерге қатысты 7 мың қылмыс тіркелген

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда 2024 жылдың 10 айы бойынша әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі топтың жұмысы қорытындыланды. Брифингке «Дағдарыс орталықтары одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы Зульфия Байсакова және Алмалы ауданы Полиция басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің аға инспекторы, полиция майоры Айгерим Куласбекова қатысты. 

Алматыда биыл әйелдерге қатысты 7 мың қылмыс тіркелген
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Ұсынылған полицияның мәліметіне сәйкес, 2024 жылдың 10 айында Алматыда әйелдерге қатысты 7705 қылмыс тіркелген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,1%-ға аз.

- Биыл біз отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша жұмысты күшейттік. Профилактикалық есепке 6800-ден астам адам қойылды, 6200-ден астам қорғаныс ұйғарымдары шығарылды. Айта кету керек, бұл шаралар тек құқық бұзушылықтардың жолын кесуді ғана емес, сонымен бірге зардап шеккендерге көмек көрсетуді көздейді. «Серіктестік-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу құралы» пилоттық жобасы аясында 105 ер адам психокоррекциялық бағдарламаларға жіберілді, - деді полиция өкілі.

Сондай-ақ ол ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті. 2024 жылы қаланың оқу орындары мен ұйымдарында 160 дәріс, тренингтер мен кездесулер өткізілген, оларға 1000-нан астам тұрғын қатысты.

Сонымен қатар әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторлар 776 әйелге консультациялық көмек көрсеткен. Дағдарыс орталықтарына 150 әйел жіберілсе, олардың 45-і балаларымен бірге «Жан-Сая» дағдарыс орталығын паналады, 9 әйел «Аналар үйі» баспанасынан қолдау тапты.

- Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен күресу - бұл құқық қорғау органдарының міндеті ғана емес, сонымен бірге қоғамның жалпы жауапкершілігі. Дағдарыс орталықтарымен, үкіметтік емес ұйымдармен және мемлекеттік органдармен бірлесіп біз зардап шеккендердің алдын алуға және оларға көмек көрсетуге бағытталған белсенді жұмысты жалғастырамыз, - деді Зульфия Байсакова.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында балғамен әйелінің басын жарған ер адам ұсталғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар