Алматыда биыл кәсіпкерлікті қолдауға 50 млрд теңге жұмсалды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды шағын және орта бизнестің үлесі туралы айтты. 

Алматыда биыл кәсіпкерлікті қолдауға 50 млрд теңге жұмсалды
Фото: Алматы қаласы әкімдігі

Мегаполис басшысының сөзінше, қаладағы еңбекке қабілетті халықтың шамамен 90%-ы, яғни 1 миллионнан астам адам шағын және орта бизнес саласында жұмыспен қамтылған.

— Шағын және орта бизнес Алматы экономикасының негізгі драйвері болып қала береді. Бұл сектор жалпы өңірлік өнімнің шамамен 60%-ын және жергілікті бюджетке түсетін кірістердің басым бөлігін қамтамасыз етіп отыр. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 9,4%-ға өсіп, 387 мыңға жетті. Ал өндірілген өнім көлемі 21%-ға артып, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша 13,2 трлн теңгеге жетті, — деді Алматы әкімі.

Одан бөлек Дархан Сатыбалдының кәсіпкерлікті қолдау және оны одан әрі дамыту мақсатында 2025 жылы бюджеттен 50,8 млрд теңге бөлінгенін атап өтті. Жалпы 1 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетілген.

Еске салайық, биыл «Бәйтерек» холдингі арқылы ШОБ-ты қолдау көлемі шамамен екі трлн теңгеге жетті

Соңғы жаңалықтар