Алматыда биыл көлікті мас күйінде жүргізген 2 мыңға жуық адам ұсталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жыл басынан бері мас күйінде көлік басқарғаны үшін 1 890 жүргізуші ұсталды. Бұл туралы Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек мәлімдеді.

Оның айтуынша, жыл басынан бері Алматыда 3 869 жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан 4 211 адам зардап шеккен. Полиция өкілі жол апаттарының негізгі себебі ретінде көлік құралдарының көптігін атап өтті. Бүгінгі күні Алматыда 650 889 автомобиль тіркелген, ал күн сайын мегаполиске өңірлерден 550 000-ға дейін көлік кіреді.
– Жыл басынан бері барлығы 3 420 483 рет жол қозғалысы ережелерін бұзылған. Мас күйінде көлік құралдарын басқарғаны үшін 1 890 жүргізуші ұсталды, 2 846 адам жүргізуші куәлігінен айырылды, ал 6 000-нан астам көлік құралы, оның ішінде 1 700 мопед арнайы тұраққа қойылды, - деді ол.
Сондай-ақ Салтанат Әзірбек Алматы көшелерінде мопедшілер мен скутерлерді пайдаланушыларды бақылауды күшейту үшін күн сайын рейдтер жүргізетін 8 мотоцикл экипажы патрульге шығатынын айтты. Жалпы жыл басынан бері 31 894 мопед жүргізушісі және 28 762 скутер пайдаланушысы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
– Мопедтер 743 жол-көлік оқиғасына ұшырап, 757 адам зардап шекті, 14 адам қаза тапты. Электр скутерлерден 103 ЖКО болды, соның салдарынан 109 адам жарақат алды. Қуанышқа орай, қаза тапқандар жоқ. Мотоциклдерден 19 апат тіркеліп, 19 адам зардап шегіп, 2 адам қаза тапты, - деді полиция өкілі.
Айта кеткен жөн, 3 қазан күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мопед иелерін жүргізуші куәлігін алуға және көлік құралдарын тіркеуге міндеттейтін заңға қол қойды.
Тіркелу үшін мопед иелеріне келесі құжаттарды ұсыну керек:
– Жеке басты куәландыратын құжат (немесе цифрлық құжаттар сервисі арқылы электрондық нысанда);
– Салық кодексінің 553 және 615-баптарында көзделген КҚТК және МТНБ бергені үшін тіркеу алымы мен мемлекеттік баждардың төленгенін растайтын құжаттар;
– Егер бар болса, техникалық құжат немесе ашық көздерден алынған мопедтің техникалық сипаттамалары туралы мәліметтер;
– Меншік иесінің өтініші;
– Көлік құралын тексеру актісі.
Мопед рамасының нөмірі болмаған жағдайда, сәйкестендіру нөмірін тіркеуге дейін мопед иесінің өтініші бойынша уәкілетті орган береді.
Еске салайық, бұған дейін Өскеменде жол апатынан зардап шеккен мопед жүргізушілерінің жартысы – кәмелетке толмағандар екенін жазғанбыз.