Алматыда былтыр бюджеттен 47 млрд теңге игерілмеген – әкім орынбасары жауап берді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда қалалық мәслихаттың кезекті XXX сессиясы өтті. Онда 2024 жылғы Алматы қаласының бюджетін атқару мәселелері талқыланды.

Алматы қаласы Қаржы басқармасының басшысы Қанат Сухамбеков мегаполистің кірісі туралы баяндады. Оның айтуынша, Алматыда былтыр мемлекеттік бюджетке 5,6 трлн теңге түскен, оның ішінде 5,5 трлн теңге – салық түсімдері. Республикалық бюджетке 3 трлн 731,9 млрд теңге, жергілікті бюджетке 1 трлн 874 млрд теңге түскен.

Алматы қаласының әр ауданы бойынша бюджеттік түсімдер: Бостандық ауданы – 29,8%, Медеу ауданы – 23,8%, Алмалы ауданы – 19,9%, Әуезов ауданы – 7,9%, Жетісу ауданы – 7,2%, Түрксіб ауданы – 5,8%, Алатау ауданы – 3,7%, Наурызбай 1,9% болды.
- Былтыр Алматы қаласының даму бюджетіне 263 млрд теңге бөлініп, оның 250 млрд теңгесі игерілді. Білім беру саласына 99 млрд теңге, сумен қамтамасыз етуге 39,4 млрд теңге, жол инфрақұрылымына 29,4 млрд теңге, тұрғын үй саласына 6,5 млрд теңге, денсаулық сақтау саласына 3,6 млрд теңге және өзге салаларға 71,6 млрд теңге бағытталды, – деді Қанат Сухамбеков.

Қаржы басқармасының басшысы өткен жылдың қорытындысы бойынша игерілмеген бюджет 47,1 млрд теңге екенін атап өтті. Оның ішінде жергілікті бюджетке 43 млрд теңге қайтарылған. Атап айтқанда:
- Құрылыс басқармасы 27,9 млрд теңге;
- Қалалық мобильділік басқармасы 5,3 млрд теңге;
- Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы 3,4 млрд теңге;
- Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы 3,3 млрд теңге;
- Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы 2 млрд теңге қаражатты игермеген.
Сессия барысынды Алматы мәслихатының депутаты Рамазан Бекбол игерілмеген бюджет бойынга қала әкімінің орынбасары Бейбіт Шахановқа сұрақ қойды.
- Құрылыс басқармасы тұрғын үйді сатып алу бағыты бойынша 24,5 млрд теңге жұмсауы қажет еді. Неліктен бұл қаражат қайтарылды? Неліктен орындалмай жатыр? – деді депутат.
Бейбіт Шаханов тапсырысқа салынып жатқан үйлер талапқа сай болмағандықтан, оған қарастырылған қаражат бюджетке қайтарылғанын айтты.
- Алматыда тұрғын үй күтіп, кезекте тұрған азаматтардың саны 45 мыңға жетті. Соны шешу үшін тұрғын үйді сатып алу қаражатын бұрын-соңды болмаған көлемге жеткіздік. Өткен жылы 3 мың пәтер сатып алдық. Оның тапсырысы биыл болатын, бірақ құрылысшыларға былтыр жыл соңына дейін өткізуге талап қойдық. Құрылысшылар бізге пәтерлерін ұсынды. Бірақ біз оны толық қабылдамадық. Өйткені біздің талаптарымызға сәйкес болмады. Жартылай қабылдадық, қалғанын 24 млрд-тың пәтерлері талапқа сәйкес боламағандықтан оны осы жылға қалдырдық. Биыл жоспарлы түрде қалаға беріледі, Отбасы банк арқылы таратылады. Негізгі мақсат – кезекте тұрған адамдарға сапалы пәтер беру. Үйлерді қабылдап алып, ақшаны игере салмай, сапалы пәтер қабылдау үшін сондай шешім қабылданды, – деді Бейбіт Шаханов.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда қараусыз қалған ғимараттар қашан жөнделетінін жазғанбыз.