Алматыда «бочча» паралимпиадалық спорт түрінен инклюзивті турнир өтті
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазақстан бочча Федерациясы «SADU ARENA» спорт кешенінде «бочча» паралимпиадалық спорт түрінен инклюзивті турнир өткізді. Іс-шара инклюзивті қоғамды дамытуға және ерекше қажеттілігі бар жас спортшылар арасында белсенді өмір салтын насихаттауға бағытталды. Бұл туралы «Қазақстан бочча федерациясының» баспасөз қызметі хабарлады.

Турнирге 40 қатысушы, оның ішінде мүгедектігі бар балалар мен ересектер, сондай-ақ үкіметтік емес және коммерциялық ұйымдардың өкілдері, студенттер қатысты. Шараның басты мақсаты – бұл ойын түрін танымал ету ғана емес, сондай-ақ қоғамдағы инклюзивтілік пен теңдікті нығайту, диалог пен өзара әрекеттесу алаңын құру.
Ашылу салтанатында Алматы қаласы мәслихатының хатшысы, «Бочча» паралимпиадалық спорт федерациясының басшысы Мейіржан Батырбекұлы Отыншиев, Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жанатұлы Жаубасов, сондай-ақ Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Зоя Қашқынбайқызы Қойшыбаева сөз сөйледі.
Олар өз сөздерінде «Бочча» спорт түрінің маңыздылығын, инклюзияны дамытудағы рөлін және спортшылардың жетістіктерін атап өтті. Іс-шараға қатысқан қола жүлдегер Гусман Қырғызбаев пен Париждегі Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай да өз тәжірибелерімен бөлісіп, жастарды спортпен айналысуға шақырды.
Қазақстан Бочча федерациясының демеушісі «ERG Komek» корпоративтік қорының қолдауымен Алматы қаласындағы ерекше қажеттілігі бар спортшыларға арналған спорт клубына бочча доптарының екі жиынтығы және бочча ойнауға арналған арнайы рампа берілді.
Бочча – доппен ойнайтын спорттық ойын. Оған тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар қатысады. Аталған сайыс түрі 1984 жылы Паралимпиадалық ойындар бағдарламасына енгізілген. Қазақстанда алғаш рет 2018 жылы негізі қаланып, қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда бұл спорт мүгедектігі бар азаматтардың, әсіресе, балалар мен жастардың арасында үлкен қызығушылыққа ие.