Алматыда бос жатқан жерді иемденгендер тексеріледі
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында «Lamiya» тұрғын үй кешені мен және «Көктем» шағынауданының тұрғындарымен кездесті.

«Lamiya» тұрғын үй кешені тұрғындарымен кездесу кезінде электр қуатымен үздіксіз қамту және инженерлік желілерді қаланың иелігіне беру мәселесі қозғалды. Жүздесу барысында жауапты басқармаларға МИБ өкілдері мен құрылыс компаниясымен бірлесіп қосымша трансформаторлық қосалқы станция мен резервтік кабель салу мәселесін пысықтап, кейін оны қаланың меншігіне өткізу тапсырылды.

Сонымен қатар коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасына бұрынғы басқарушы компанияның қызметін құзыреті шегінде тексеру міндеттелді.

Ал «Көктем» шағынауданының тұрғындары бос жатқан жер құрылысқа беріліп кете ме деп алаңдап отыр. Әкімнің тапсырмасымен жерді өз бетімен иемдену фактілері бойынша қосымша тексеру жүргізіледі.
- Барлық шешім бас жоспарға сай, ашық түрде және тұрғындардың пікірін ескере отырып қабылдануы қажет. Егер белгілі бір аумақ жасыл аймаққа жатса, онда ол жерде ешқандай құрылыс салынбайды, ағаш та кесілмейді. Біз ағаштардың оталуына жол бермейміз. Аумақты дамыту мен табиғатты сақтаудың арасынан тепе-теңдік табу – біздің басты мақсатымыз, – деді қала әкімі.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда көлік инфрақұрылымы үшін 18 жер телімі мемлекет меншігіне алынатынын жазғанбыз.