Алматыда бір адамға шаққанда 16 шаршы метр жасыл желек болады - Бас жоспар
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда қаланың жаңа Бас жоспарының стратегиялық экологиялық бағалауы бойынша қоғамдық тыңдаулар өтті.
Жиын барысында тұрғындар қаланы көгалдандыру бағытында атқарылатын жұмыстарға байланысты сұрақтар қойды. Алматылықтарды қаланың жасыл қорының қазіргі жай-күйі қызықтырды.
Белгілі қазақстандық биотехнолог-ғалым Гүлнұр Жүнісованың айтуынша, бүгінгі ахуалға жан-жақты талдау жасалған. Қазір Алматыда бір тұрғынға шаққанда жасыл желекпен қамтамасыз ету деңгейі шамамен 5 шаршы метр болады. Бұл белгіленген нормативтен едәуір төмен. Ал межелі көрсеткіш – бір адамға шаққанда 16 шаршы метр. Әсіресе, Наурызбай және Алатау аудандарында жасыл желектің жетіспеушілігі байқалады.
- Белгіленген межеге қол жеткізу үшін Бас жоспарда жасыл желек көлемін едәуір ұлғайту көзделген. Осы мақсатта жыл сайын 10 мыңнан астам ағаш егу жоспарланып отыр. Бұл ретте жергілікті табиғи жағдайға бейімделген өсімдік түрлеріне басымдық беріледі, – деді ол.
Гүлнұр Жүнісова мұндай тәсіл қаланың көгалдандыру деңгейін арттырып қана қоймай, қала экожүйесінің жағдайын жақсартуға, биологиялық алуан түрлілікті сақтауға және қаладағы құстар мен жануарлардың тіршілік етуіне қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Алматы бас жоспарының қоғамдық тыңдаулары басталғанын жазғанбыз.