Алматыда бірнеше автобус паркі және троллейбус паркі жаңартылады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қаланың коммуналдық автобус және троллейбус парктерін аралап, олардың техникалық жағдайы мен қоғамдық көліктің қызмет көрсету сапасын тексерді.

Алматыда бірнеше автобус парктері және тролейбус паркі жаңартылады
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігінің мәліметінше, «Алматыэлектротранс» кәсіпорны 5 автобус паркіне, 1 троллейбус паркіне және мектеп автобустары паркіне иелік етеді. Қазіргі таңда Алматы қаласында 2 435 қоғамдық көлік бар.

Троллейбус паркі Алмалы ауданында жалпы ауданы 4,2 гектар аумақта орналасқан. Қазіргі таңда мұнда 212 жаңа троллейбус қызмет көрсетеді. Күніне қоғамдық көліктің бұл түрімен 130 мың жолаушы қатынайды.

Алматыда бірнеше автобус парктері және тролейбус паркі жаңартылады
Фото: Алматы әкімдігі

Парк инфрақұрылымы жаңартуды қажет етеді. Жөндеу аймағы, қоймалар мен диспетчерлік ғимараттар 1960 жылдары салынған және осы уақытқа дейін күрделі жөндеуден өтпеген. Осыған байланысты, қала әкімі Алматыдағы жалғыз троллейбус паркінің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуді тапсырды.

Одан бөлек Түрксіб ауданындағы №1 автобус паркінде қазіргі таңда 300 газбен жүретін автобус қызмет көрсетіп жатыр. Келесі жылдың соңына дейін бұл паркте жаңа жуу кешенін салу, инженерлік желілерді толық жаңарту, сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен жаңа газ құю станциясын (АГНКС) іске қосу жоспарланып отыр. Ал осы ауданда орналасқан №2 автобус паркінде 320 автобус тіркелген. Биыл бұл жерде газ құю станциясы мен жүргізушілер жатақханасына жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Сонымен қатар қала аумағында 8 газ құю станциясы жұмыс істейді, алайда олардың кейбірі жаңғыртуды қажет етеді. Алматы әкімі автобустарға жанармай құю инфрақұрылымын дамыту және қосымша автопарктер салу туралы пікір білдірді.

Алматыда бірнеше автобус парктері және тролейбус паркі жаңартылады
Фото: Алматы әкімдігі

- Автобус маршруттарын автопарктерге дұрыс бөлу керек. Яғни, көлік өз бағытына алыс жерден бос жүріп бармауға тиіс. Сондай-ақ біз қаланың батыс және шығыс бөліктерінде, әсіресе Наурызбай ауданында, болашақ полицентрлер аясында автопарктерге арналған жер телімдерін алдын ала қарастыруымыз қажет, – деді Дархан Сатыбалды.

Алматы әкімі Қалалық жоспарлау басқармасына жаңа автопарктер үшін жер телімдерін анықтауды, ал құзырлы басқармаларға — жобалық-сметалық құжаттаманы жедел түрде әзірлеуді тапсырды.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы Абай даңғылы Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына дейін қашан ұзартылатынын жазғанбыз.

Алматыда бірнеше автобус парктері және тролейбус паркі жаңартылады
Фото: Алматы әкімдігі

 

 

Соңғы жаңалықтар