Алматыда бірнеше көше екі айға жабылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының екі ауданында 42 жыл бұрын пайдалануға берілген құбыр қайта жаңғыртылады.

– 31 мамырдан 20 шілдеге дейін Алмалы ауданында Бөгенбай батыр көшесінің Бруно көшесінен Аносов көшесіне дейінгі бөлігінде екі бағытта да көлік қозғалысы шектеледі. Сондай-ақ 31 мамырдан 30 маусымға дейін Түрксіб ауданында Котельников көшесінің Сейфуллин даңғылынан Ақан Сері көшесіне дейінгі бөлігінде де екі бағытта да жол жабылады, - деп хабарлады «Алматы жылу желілері» компаниясынан.
Шектеулер аталған көшелерде жолдың астынан өтетін магистральдық құбырларды қайта жаңарту жұмыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында енгізіледі.
– Алмалы және Түрксіб ауданында биыл жалпы ұзындығы 3 шақырым болатын, 1983-1985 жылдары пайдалануға берілген жылу желілері жаңартылады. Бұл 105 көпқабатты тұрғын үйді, 5 жеке үйді, 1 мектеп пен 3 өзге де нысанды қыс мезгілінде тұрақты жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деп атап өтті компаниядан.

Сонымен қатар қайта жаңғырту жұмыстары кезінде тұрғындарға ыстық су үздіксіз беріледі.
Жалпы, биыл қала бойынша 39 шақырым жылу желісін қайта жаңарту жоспарланған. Бұл желілердің тозу деңгейін 54%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Осыған дейін 30 мамырдан бастап 15 тамызға дейін Бұқар Жырау желекжолында Байтұрсынов көшесінен бастап С.Марков көшесіне дейін солтүстік жағынан автокөлік қозғалысы шектелетіні туралы жазған едік.