Алматыда BRT желісінің жалпы ұзындығы қанша болады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі баспасөз мәслихатында қала әкімі Ерболат Досаев Желтоқсан көшесі мен Райымбек даңғылы бойынша BRT жобасының жүзеге асырылу мерзімі туралы айтып берді.

Алматы, жол
Фото: Алматы әкімдігі

Шаһар басшысының сөзінше, қазіргі екі BRT желісін салу жоспарда.

— Желтоқсан көшесі бойынша 4,6 км және Райымбек даңғылы бойынша 17,2 км. Үдерістерді оңтайландыру үшін Райымбек даңғылы бойынша жоба екі кезеңге бөлінді. Біз бірінші кезең жұмыстарына күзде кірісе алатын едік, бірақ сарапшылар қауымдастығымен талқылаулардан кейін және қала тұрғындарына қолайсыздықты азайту мақсатында екі кезең бойынша жұмыстарды бірден бастау туралы шешім қабылданды, — деп атап өтті Ерболат Досаев.

2025 жылдың қаңтарында Райымбек даңғылының екі учаскесі бойынша мердігер ұйымды таңдау байқауы жарияланады. Құрылыс-монтаж жұмыстары келесі жылдың наурыз айында басталады.

Қала әкімі осы уақытта Желтоқсан көшесі бойынша BRT жобасының жүзеге асырылуы басталатынын да жеткізді.

— Біз жолақтарды тарылтып, қоғамдық көлікке арналған қосымша жолақ үшін орын босатуды жоспарлап отырмыз. Жоба Райымбек даңғылындағыдай инженерлік инфрақұрылымды ауыстыру жұмыстарымен жүзеге асырылады. 2025 жылдың соңына дейін екі желіні де аяқтауды жоспарлап отырмыз, — деді ол.

Осылайша, Алматыда қазіргі қолданыста BRT желісін қосқанда жалпы ұзындығы 30,5 км болады.

Осыған дейін Ерболат Досаев келер жылы 35 шақырым жаңа жол салынатыны туралы айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар