Тағы бір Салтанат таяқ жеді: Алматыда бұрынғы әйелін ұрған ер адам кешірім сұрады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда көшеде бұрынғы әйелін ұрып-соққан Александр Ким қазақстандықтардан кешірім сұрады.

«Құрметті қазақстандықтар. Мен - Александр Ким, бұрынғы жұбайым Салтанат екеуміз түсіп қалған видеоға байланысты үндеу жазып отырмын. Ең алдымен, Салтанаттың ата-анасы мен туғандарынан кешірім сұраймын. Менің бұл әрекетім ақтауға жатпайды. Қандай жағдай болмасын, Салтанатқа қол көтермеуім керек еді», - деп бастады сөзін ол.
Айтуынша, Салтанат екеуі үлгілі отбасы болған.
«Онымен 11 жыл бірге тұрдық. Үлгілі отбасы болдық. Бір-бірімізді жақсы көрдік. Жас отбасы армандайтынның бәрі болды. Салтанат менің төрт баламды дүниеге әкелді. Басқа отбасындағыдай бізде де жанжал болып тұрды. Соңы ажырасуға әкелді. Бірақ сезім жойылған жоқ», - дейді Александр.
Сонымен қатар, ол қызғаныштан бұрынғы әйелінің телефонын сындырып, итеріп жібергенін айтты.
«Мен оны ұрып-соқпадым, тек қатты итеріп жібердім. Сол сәтте эмоцияға бой алдырдым. Содан кейін бірден Таразға қайттым. Арыз туралы әлеуметтік желідегі видеодан білдім. Оның бетінде ешқандай жара жоқ. Қоғамда мені Қуандық Бишімбаевқа теңеп, соның қатарына қойғандарын қаламаймын. Әйелге қол көтеруге болмайды және мен өзімді осы үшін кінәлаймын», - деді Салтанаттың бұрынғы күйеуі.
Салтанаттың өзі де әлеуметтік желіде пост шығарған еді. Оның айтуынша, отбасында ешқашан тыныштық болмаған.
«Мен үшін өте қиын, бірақ мен енді үндемей қалмаймын. Мен зорлықшымен 11 жыл некеде болдым, 4 баламыз бар. Осыншама жылдар бойы моральдық және физикалық зорлық-зомбылық көріп келдім. Соңғы бір жылда онымен өмір сүру мүмкін болмады. Жұдырық жұмсау мен қорлау жиілеп кетті. Мен бұл адамнан қорқамын. Ол - заңгер. Оның байланысы бар және бәрін қоңырау соғу арқылы шешеді», - деп жазды Салтанат өзінің Іnstagram-дағы парақшасында.
Бұған дейін «Дети под защитой» жеке қорының жетекшісі Жанна Ахметова Facebook парақшасында күйеуінен таяқ жеген кезекті Салтанат есімді әйелді тез арада құтқару керек деп дабыл қаққан еді.
Осы жағдайға байланысты Алматы қалалық полиция департаменті тексеріс жүргізілгенін хабарлады.
«Жауапқа тарту үшін жиналған материалдар сотқа жолданды», — деп жазды қалалық полиция депатаментінің баспасөз қызметі.