Алматыда бұрынғы әйелін ұрған ер адамның үстінен іс қозғалды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Күйеуінен таяқ жеген кезекті Салтанат есімді әйелді тез арада құтқару керек. Бұл туралы «Дети под защитой» жеке қорының жетекшісі Жанна Ахметова Facebook парақшасында жазды.

Жанна Ахметова әйелін аясуыз ұрған ер адамның видеосын желіге салды. Видеода ер адамның әйелінің телефонын жерге соғып, сындырғанын, кейін әйелді тұрғын үйдің ауласында аяусыз ұрғанын көруге болады.
«Салтанат есімді кезекті әйелді тез арада құтқару керек. Оның есімі шынымен де Салтанат. Ол бұл құбыжықпен 11 жыл бірге тұрған соң, ажырасу туралы шешім қабылдайды. Одан әрең құтылған әйел балаларын алып, Тараздан Алматыға көшеді. Ер адам әйелдің артынан келіп, оны қайтарып алуға мәжбүрлеген. 1 сәуірде Life Town тұрғын үй кешенінде ол әйелге тиісіп, телефонын сындырған соң, әйелді ұрып-соққан. Оның қандай жынды екенін көріңіздер. Балаларының туған анасын қандай күшпен ұрғанын көріңіздер. Ол ұрмас бұрын жан-жағына мұқият қарап, дайындалып алды», — деп жазды Жанна Ахметова.
Жанна Ахметова ер адамның үстінен жазылған арыз сәуір айының басынан бері Алмалы ауданының полиция басқармасында жатқанын, сараптаманың әлі дайын емес екенін жазды.
«Оңбаған Таразға кетіп қалды. Естуімше, ол сол жақта белгілі заңгер ма, адвокат па, сондай бірдеңе. Мүмкін біреулеріңіз оны таныған шығарсыздар, мұқият қараңыздаршы. Не себепті ол әлі ұсталмаған? Кезекті әйел өлімін күтіп отырмыз ба», — деді Жанна Ахметова.
Алматы қалалық полиция департаменті оқиға бойынша тексеріс жүргізілгенін хабарлады.
«Жауапқа тарту үшін жиналған материалдар сотқа жолданды», — деп жазды қалалық полиция депатаментінің баспасөз қызметі.