Алматыда бұрынғы судья Светлана Жолмановаға қатысты сот үкімі шықты
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Медеу аудандық сотының бұрынғы судьясы Светлана Жолманова 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Үкімді Медеу аудандық сотының судьясы Қанат Әрінов шығарды.
Светлана Жолманова ҚР қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (аса ірі мөлшердегі алаяқтық) бойынша кінәлі деп танылды.
Сот оны 10 жылға бас бостандығынан айырды.
С. Жолманова 2021 жылдан бастап 2024 жылға дейін жылжымайтын мүлік сатып алуға және тендерлік жобаларға қатысуға жәрдемдесу сылтауымен, алдау және сенімге қиянат жасау арқылы азаматтардың миллиондаған теңгесін қолды қылған. Зардап шеккендердің арасында оның достары, көршілері, таныстары мен әріптестері бар.
— С. Жолманова жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеу туралы үкім шығарылсын. Қамау түріндегі бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылсын, - деп судья үкімді жариялады.
Аталған іс бойынша екінші айыпталушы Данияр Күшалиев ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігінің 1-тармағымен кінәлі деп танылып, 3 жылға сотталды.
Тергеп-тексеру барысында қылмыстық әрекеттің 48 эпизоды анықталып, олар бір іске біріктірілді.
Бұған дейін прокурор Раушан Абдулла айыптау актісін оқыған болатын.
Еске салайық, осыған дейін сотталушы Светлана Жолмановаға қатысты сот отырысы бес рет кейінге шегерілген болатын.
Бұған дейін ҚР Бас прокуратурасы Жолманованың ісі сотқа жолданғаны туралы хабарлаған болатын.
Еске салайық, былтыр экс-судьясы Светлана Жолманова ұсталғаны туралы жазғанбыз.
Алғаш рет алматылық судья 2021 жылы алаяқтық жасады деген күдікке ілінген.