Алматыда дағдарыс орталықтарына биыл қанша адам жүгінді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда дағдарыс орталықтарының жұмысы қорытындылады.
«Дағдарыс орталықтарының одағы» бірлестігінің басшысы Зульфия Байсақованың айтуынша, дағдарыс орталықтары өз қызметін кеңейтіп, пана ұсынудан басқа да көмек түрлері мен әлеуметтік демеу көрсетуді дамытып жатыр.
Жалпы жыл басынан бері Алматыдағы дағдарыс орталықтарында 445 адам (150 әйел, 295 бала) баспана қызметін пайдаланған. 1001 адам (722 әйел, 279 бала) психолог кеңесін және 811 сұрақ бойынша 223 адам заңгер кеңесін алған.
Одан бөлек 53 адам жұмыспен қамтылып, 6 адам бастапқы кәсіби дағдылар курсынан өткен. 67 адам отбасымен қайта қосылған. 5 адамға жәрдемақы ресімделген, тағы 7 адамға құжаттары қалпына келтірілген.
— 2017 жылы дағдарыс орталығы құрылғалы бері оның қызметін 11 615 адам пайдаланды. Заңнамадағы өзгерістер қоғамдық жауапкершілікті арттырып, Алматы мен басқа өңірлердің тұрғындары тұрмыстық зорлық-зомбылық көргені туралы жиі хабарлай бастады, — деді Зульфия Байсақова.
Еске салайық, былтыр Алматының дағдарыс орталықтарына биыл 2 мыңнан астам адам жүгінгенін жазғанбыз.