Алматыда дау тудырған Сәтбаев ескерткіші қайда көшіріледі

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда Қаныш Сәтбаев ескерткішін көшіру мәселесі қоғамда қызу талқыланып жатыр. Әлеуметтік желілерде бұл бастамаға қарсы пікір көп айтылып, тұрғындар тарихи тұлғаның ескерткішін қазіргі орнынан жылжытуды «құрметсіздік» деп отыр.

Алматыда дау тудырған Сәтбаев ескерткіші қайда көшіріледі
Фото: Алматы әкімдігі

Желіде жарияланған жазбаларда алматылықтар:

• Алақандай тар жерге қайдағы театр – Қаныш Сәтбаевты мазақ қылғандарың ба?!

• Ұлы қазақтың ескерткішін қозғауға болмайды! Көшірген соң құндылығы жоғалады, тарихи нысанды тиіспей сақтап қалуымыз керек»

• «Амфитеатр саламыз деген сылтаумен тарихты ығыстыру дұрыс емес» деген пікір жазып жатыр.

Кейбір қолданушылар тіпті бұл шешімге қарсы көшеге шығып, наразылық білдіретінін де жазған.

Алматының қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы бұған қатысты Kazinform.kz тілшісіне ресми түсінік берді.

Алматыда дау тудырған Сәтбаев ескерткіші қайда көшіріледі
Фото: Алматы әкімдігі

Ведомствоның мәліметінше, Сәтбаев ескерткіші бұзылмайды, тек Геологтар аллеясының аумағында 50 метр жер оңтүстік-батысқа – Қаныш Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті корпусының бас кіреберісіне ауыстырылады.

Басқарма ескерткішті көшіру мәселесі алдын ала мамандандырылған ұйымды тарта отырып қарастырылғанын мәлімдеді.

Алматыда дау тудырған Сәтбаев ескерткіші қайда көшіріледі
Фото: Алматы әкімдігі

– Бұл – Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі берген №22004987 лицензиясына (15.03.2022 ж.) және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі берген ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде №00282 аккредитация куәлігіне ие «Күмбез» мамандандырылған жобалау-реставрациялық фирмасы ЖШС. Аталған ұйым мамандары жүргізген зерттеу мен сараптама нәтижесінде ескерткішті Геологтар аллеясы шегіндегі жаңа орынға көшіру ұсынылды. Бұл шешім ескерткіштің жаңартылған қоғамдық кеңістік архитектуралық-композициялық шешіміне әсерлі кірігуін, ғылыми және білім беру ортасы үшін символдық мәнін айқындауды және мәдени мұра нысанының тиісті сақталуын қамтамасыз етеді, - делінген хабарламада.

Босайтын жерде ашық аспан астындағы амфитеатр салынады, ол студенттер мен қала тұрғындарына арналған мәдени және ғылыми іс-шараларға арналады.

Алматыда дау тудырған Сәтбаев ескерткіші қайда көшіріледі
Фото: Алматы әкімдігі

– Университеттің ресми өтінішіне сәйкес босайтын жерде түрлі ауқымдағы іс-шараларды – ғылыми конференциялардан бастап мәдени және студенттік кездесулерге дейін өткізуге арналған ашық аспан астындағы амфитеатр салу көзделген. Ол аллеяның абаттандырылған аумағына біріктіріліп, студенттер, ғалымдар және қала тұрғындары үшін маңызды тартылыс нүктесіне айналады, - делінген ресми жауапта.

Жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталып та кеткен.

– Қазіргі уақытта жобаға сәйкес қолданыстағы тас төсеуіштер мен кіші сәулеттік формаларды бөлшектеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Барлық іс-шара заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады және қалалық ортаның сапасын жақсартуға, мәдени-тарихи келбетін дамытуға бағытталған. Саңырауқұлақ пішініндегі көлеңкелі орындардың орнына Амфитеатр орнатылады, - деп хабарлады басқармадан.

Алматыда дау тудырған Сәтбаев ескерткіші қайда көшіріледі
Фото: Алматы әкімдігі

Алматының қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы әкімдік ескерткіштің жаңа орынға көшуі оның тарихи-мәдени мәнін сақтап, керісінше көрнекілігін арттырады деп отыр.

– Жаңа орында ескерткіш көрнекі қабылдау мен қоғамдық назарға анағұрлым қолжетімді болады. Бұл оның маңызын айқындап, тарихи-мәдени құндылығын сақтауға мүмкіндік береді. Ал қазіргі орнында ескерткіштің көрнекілігі шектеліп, қоршаған ортаның ішінде көзге түспей қалып, өзінің қаладағы символдық қызметін толық атқара алмай отыр. Бұл оның мән-маңызын төмендетіп және қоғамдық санада тарихи рөлін әлсіретеді, - делінген жауапта.

Осыған дейін Алматы мен облыс арасындағы маңызды автожол кеңейтіліп жатқаны туралы жаздық.