Алматыда демалыс күндері 4 көшеде уақытша жол жабылады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда бірнеше көшеде жөндеу жұмыстарына байланысты уақытша жол жабылады.

Алматыда демалыс күндері 4 көшеде уақытша жол жабылады
Фото: Алматы әкімдігі

LRT жобасын іске асыру аясында Абылай хан даңғылының бір бөлігінде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі. 10 қазан сағат 08:00–ден 11 қазан сағат 20:00–ге дейін Райымбек даңғылынан Мәметова көшесі жабылады.

Брусиловский көшесінің бір бөлігінде жол жабыны төселмек. Сол үшін 10 қазан сағат 22:00–ден 11 қазан сағат 07:00–ге дейін Төле би көшесінен Райымбек даңғылына дейінгі аумақта жол толықтай жабылады.

Ал инженерлік желілерді қайта орналастыру жұмыстарына байланысты Алатау даңғылының бір бөлігі жабылады. Атап айтқанда, 10-11 қазан сағат 08:00–ден 20:00–ге дейін Райымбек даңғылынан оңтүстікке қарай орналасқан Алатау даңғылының жергілікті аумағында көлік қозғалысы кезекпен ұйымдастырылады.

Сонымен қатар Саин көшесін ұзарту жоспарланған. 10 қазан сағат 07:00–ден 12 қазан сағат 23:00–ге дейін Саин көшесінің батыс жағымен Рысқұлов даңғылынан Мөңке би көшесіне дейінгі аумақта, сондай-ақ Шәріпов көшесінде көлік қозғалысы жабылады.

— Жөндеу жұмыстары жүргізілетін учаскеде ескерту белгілері орнатылады. Жол бағытын алдын ала жоспарлауды сұраймыз. Жөндеу жұмыстарының мерзімі ауа райы жағдайына және жөндеу жұмыстарының технологиялық үдерісіне әсер ететін өзге де факторларға байланысты өзгертілуі мүмкін, — деп түсіндірді әкімдік.

Еске салайық, Алматыда электр желілерін жөндеуге байланысты қаланың орталығындағы көше уақытша жабылатыны ескертілді.